20 сәуір күні Алматыда жыл сайынғы жартылай марафонға байланысты жол қозғалысының бағыты өзгереді

16 Сәуір, 2025

Алматыда Almaty Half Marathon 2025 жарысына дайындық жүріп жатыр - бұл еліміздегі Almaty Marathon-нан кейінгі ауқымы жағынан екінші ірі жүгіру шарасы. Биыл жарысқа 40-тан астам елден 10 000 қатысушы жиналады деп күтілуде. 20 сәуір күні жартылай марафон өткізілуіне байланысты қалада көлік қозғалысының бағыты уақытша өзгереді. Бұл туралы «Смелость быть первым» корпоративтік қорының операциялық директоры Ержан Бримжанов өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында мәлімдеді.

«Қала тұрғындары мен қонақтарына уақытша жабылатын көшелер туралы алдын ала хабарлау арқылы қолайсыздықтың туындауын азайтып, жартылай марафонға қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат етеміз», - деп атап өтті спикер.

Жарыс бағыты қатысушыларға асқақ таулардың көрінісін ұсынып, қаланың әсем жерлерінен өтеді. Жарыстың басталуы сағат 07:00-де Тұңғыш Президент саябағында өтеді. Одан әрі маршрут Әл-Фараби даңғылымен өтіп, орталық стадионда (Сәтпаев көшесі, 29/3) аяқталады.

Жарыс басталатын күні дәстүрлі қашықтықтар ұсынылады: 21,1 км (жартылай марафон), 10 км, 10 км скандинавиялық жүріс және Экиден командалық эстафетасы. Almaty Half Marathon халықаралық AIMS (жүгіру және марафон бастамалары қауымдастығы) ұйымына мүше болып табылады, ал жартылай марафонның бағыты World Athletics стандарттарына сай сертификатталған.

Осы күні таңертең кейбір көшелерде көлік қозғалысы уақытша шектеледі:

00:00–11:00 аралығында әл-Фараби даңғылының солтүстік жағы – Мұстафин көшесінен Навои көшесіне дейін жабылады. Оңтүстік жағы ашық қалады.

06:45–09:30 аралығында әл-Фараби даңғылының солтүстік жағы – Мұстафиннен Назарбаевқа дейінгі бөлігі жабылады.

07:10–08:30 аралығында Сейфуллин даңғылы - әл-Фарабиден Абайға дейін толықтай жабылады.

08:30–11:00 аралығында Абай даңғылының оңтүстік жағы – Саиннан Байтұрсыновқа дейін жабылады. Солтүстік бөлігі ашық болады.

07:20–09:00 аралығында Абай даңғылының оңтүстік жағы – Сейфуллиннен Байтұрсыновқа дейінгі бөлігі жабылады.

08:20–10:00 аралығында Саин көшесінің шығыс жағы – әл-Фарабиден Абайға дейін жабылады. Батыс жағы ашық болады.

«Біз көлік қозғалысын шектеуді уақытты тиімді пайдалану тұрғысынан ұйымдастырдық, осылайша алматылықтар өз бағытын алдын ала жоспарлай алады», - деп атап өтті Бримжанов.

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар спорт пен салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, мыңдаған адамдарды біріктіріп, қалада мерекелік атмосфера құратынын еске салады.

Алматы тұрғындары мен қонақтарына 20 сәуір күні таңертең сапарларын жоспарлау кезінде өзгерістерді ескеру ұсынылады.

Айта кетейік, Almaty Half Marathon-ның ұйымдастырушысы - 2012 жылдан бері Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру шарасы Almaty Marathon мен басқа да әуесқойлар арасында өтетін жарыстарды жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан «Смелость быть первым» корпоративтік қоры.

Бөлісу: