Алматыда «Қазақстанның үздік тауары» атты байқау-көрме өтеді

12 Тамыз, 2025

Республикалық іс-шараны Алматы қаласы әкімдігі мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп өткізгелі отыр. Ондағы мақсаты – отандық тауар өндірушілерді қолдау мен ілгерілету, шағын және орта бизнесті дамыту, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдермен нарықты толықтырып, отандық тауар тұтыну мәдениетін қалыптастыру.

Байқау үш номинация бойынша өтеді:

         •        Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар;

         •        Халық тұтынатын үздік тауарлар;

         •        Үздік азық-түлік тауарлары.

Әр номинациядан үш жеңімпаз шығады. Биыл Алматының бір өзінен осы іс-шараға түрлі өндіріс саласында жұмыс істейтін 63 компания қатысады.

Аймақтық кезеңнің жеңімпаздары республикалық финалға жолдама алып, «Қазақстанның үздік тауары» атағына үміткер бола алады. Кең көлемді көрме, концерттік бағдарлама өтіп, қонақтар марапаттау рәсімін көреді

«Қазақстанның үздік тауары» ұлттық байқауы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша 2006 жылдан бері өтетін болды.

Сонымен қатар, көрме аясында Алматының 40 өндірушісінің (ШОБ пен жеке кәсіпкерлер) жергілікті немесе аймақтық ресурстардан жасалған өнімдері қойылатын «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасы бойынша жәрмеңке өтеді.

Жәрмеңкенің соңына қарай ұйымдастырушылар 10 үздік өндірушіні сараптап алып, оларды өңірлік Бренд-комитеттің іріктеуіне жібереді.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы «Атамекен» ҰКП-мен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің тапсырысы бойынша «Мен кәсіпкер» бағдарламасының «Кәсіпкерлік әлеуетті дамыту» құралы аясында жүзеге асқалы отыр.

Жобаның мақсаты – бірегей жергілікті өнімді (бал, тосап, тоқыма, кәдесый) брендпен және қаптамамен шығару, өндірісті дамыту, соның ішінде ауылдық жерлерде; шағын бизнесті, қолөнершілерді, әйелдер мен отбасылық кәсіпті қолдау; сондай-ақ жалпы өңірдің дамуына, жұмыспен қамтуға және экспортқа үлес қосу.

 

Өтетін орны: Алматы қ., Республика сарайы

Күні мен уақыты: 2025 жылдың 16 тамызы, сағат 11:00-20:00

Бөлісу: