Live
Алматы алғашқы жарты жылдағы экологиялық жұмысты қорытындылады
12 Тамыз, 2025

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 2025 жылдың алғашқы алты айындағы Экология департаментінің жұмыс қорытындысына арналған баспасөз конференциясы болып өтті. Департамент басшысының орынбасары Дінмұхамед Лесбеков қала экологиясын жақсарту бағытында жүргізілген іс-шараларды, кәсіпорындардағы бақылау мен экологиялық мәселелерге қатысты жол картасының қалай жүзеге асып жатқанын баяндап берді.
Спикердің айтуынша, департаментке экологиялық рұқсатнамалар алу үшін 103 өтініш түсіп, оның 87-сі өңделген. Бірінші категориядағы нысандар, оның ішінде «АлЭС» акционерлік қоғамы мен ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар қоршаған ортаны қорғауға 543 миллион теңгеден аса қаржы жұмсаған. 1 ЖЭС-да көмірқышқыл газы мен азот оксидтерінен бөлінетін зиянды заттың көлемі азайып, басқа станциядағы шаң-газды тазарту қондырғылары жөндеуден өтіп, суды шығындау мен ластануды жағын да азайту көзделген.
Осы кезеңде мемлекеттік экологиялық инспекторлар 49 тексеру жүргізіп, оның 16-сы жоспардан тыс тексеру болды. Соның арқасында 28 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 23 айыппұл салыныпты.
Сарапамалық бақылау бөлімінің зертханасы Алматы қаласының ауасы мен су көздеріндегі ластану артқанын анықтамады. Өндірістік шығарындылар, ағынды сулар, топырақ сапасы мен автокөліктің тексерісі бойынша тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. 2024 жылғы осы уақытпен салыстырғанда заң бұзушылық саны, әсіресе дизельді көліктер бойынша едәуір азайған.
Алматының экологиясын оңалтуды көздейтін жол картасы ЖЭС-ның зиянды әсерін азайтудан бастап, жасыл желектерді нығайту мен қалдықтарды басқаруға дейінгі жеті бағытты қамтиды. Қазір бұлар біртіндеп қолға алына бастады. Мысалы, 2024–2028 жылға арналған коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы келісіліп жатыр.
Алматы қаласындағы экологиялық жағдай жүйелі тәсілді талап етеді. Табиғат пайдаланушыларымен бірлесіп жұмыс істеп, үзбей зертханалық бақылау жасап, заң бұзушылыққа жауапкершілікті күшейте түссе, экологияны жақсартуға сеп болатынын айтады Департамент өкілдері.