Live
Алатау ауданында 20 мыңнан астам адам әлеуметтік көмекпен қамтылды
24 Маусым, 2025

Алатау ауданында көп балалы отбасылардан бастап зейнеткерлер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға дейінгі әртүрлі санаттағы тұрғындарды қамтитын кешенді әлеуметтік қолдау бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Талғат Мәлейбайұлы осылай дейді.
Оның айтуынша, ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы өмір сүру сапасын арттыру мен қиын жағдайда қолдау көрсетуге бағытталған 13 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бұлардың қатарына тұрғын үй көмегі, сауықтыру мен оңалту төлемдері, сондай-ақ коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты өтемақылар кіреді. Биылғы жылы 93 отбасыға 3,3 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегі көрсетілген. 461 отбасыға 157,1 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек беріліпті. 651 зейнеткер жалпы сомасы 17,9 млн теңге әлеуметтік көмек алған.
Қарт адамдар мен мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл 350 зейнеткер мен 592 мүгедек азаматты курортқа емдеуге жібермек. Бұған жалпы 323 млн теңге бөлініпті. Сонымен қатар, төтенше жағдайдан зардап шеккен бір тұрғынға 786 мың теңге көлемінде бір реттік көмек көрсетілгенін айтты Талғат Мәлейбайұлы.
Коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты өтемақы төлеу де маңызды бағыттың бірі болды – оған 15 589 адам қамтылып, жалпы сомасы 152 млн теңге бөлінген. Ардагерлер де назардан тыс қалған жоқ: ақпан айында 464 ауған соғысы ардагеріне 46 млн теңге төленді, ал 9 мамырда 895 ардагерге 94,3 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
Ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау саласында да ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Биыл 127 адамға 26 млн теңге көлемінде арба беріліп, 394 адамға 49 млн теңге сомасында протездік көмек көрсетілді. 2 522 адамға гигиеналық құралдар тегін беріліп, оған 490 млн теңге жұмсалды. 334 адам техникалық оңалту құралдарымен қамтылып, жалпы 56,6 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсететін мың жеке көмекшінің еңбекақысына аудан бюджетінен 500 млн теңге бөлінді.
Осылайша, Алатау ауданы өз тұрғындарына нақты қамқорлық көрсетіп, әлеуметтік қолдауды жүйелі түрде жүзеге асырып отыр.