Алматыда «Инватаксидің» саны артты

2 Желтоқсан, 2025

Алматыда оңалту бағдарламалары мен әлеуметтік инфрақұрылымның сапасы жақсарып, халықтың жүріп-тұруы шектеулі тобымен жұмыс істейтін жаңа формат енгізіле бастады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Халықаралық мүгедектер күніне орай өткен баспасөз конференциясында Алматының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аманат Сұлтанғазиев осылай деп мәлімдеді.

Брифинг барысында спикер журналистердің сұрақтарына кеңінен жауап беріп, барлық өзгерістің кедергісіз орта құруға бағытталып жатқанын атап өтті. «Біздің міндетіміз – әр тұрғынның қалада еркін жүріп-тұрып, жұмыс істеп, білім алып, қызметті еш кедергісіз алууына жағдай жасау», – деді ол.

«Инватакси» қызметін неге үкіметтік емес ұйымдар қолға алып жатыр десеңіз, ол әу баста ережеде солай бекітілген. «Қызмет көрсету қағидаларына сәйкес, инватаксиге қатысты қызметтер мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері арасында мемлекеттік сатып алу арқылы іске асырылады. Негізгі талап - тәжірибе, арнаулы көлік пен диспетчерлік қызметтің болуы», – дейді ол.

Брифингте техникалық оңалту құралымен қамтамасыз ету жағына да назар аударды. Протездік-ортопедиялық көмек, сурдо- және тифлотехникалық құралдар, арбалар, арнаулы қозғалыс құралы мен санаторий-курортта емделу ИПАР арқылы және Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы іске асады. Әркім жеткізушіні өзі таңдап, шығын жағын белгіленген кепілдік соманың көлемінде бюджеттің есебінен өтейді.

«Егер Порталда қажетті құралдар болмаса, оларды мемлекеттік сатып алу механизмі арқылы ала аласыз», – деп толықтырды Сұлтанғазиев. 2030 жылға дейінгі қала даму бағдарламасы аясында инновациялық әрі қымбат тұратын ИБҚ-ны жеке тапсырыс бойынша қамтамасыз етуді енгізіп жатыр.

Басқарма өкілі жобаларды келісу процесі мен пайдалануға берілетін нысандардың барлығын қатаң бақылауда ұстап отырғандарын жеткізді.

«Пайдалануға берілетін барлық нысандар міндетті түрде әлеуметтік қорғау органы арқылы келісуден өтеді. Бұл қозғалысы шектелген топтардың мұқтаждығын жан-жақты ескеруге мүмкіндік береді», – дейді. Мұндай тетік жаңа ғимарат пен нысандардың  талапға сай болуын да қамтамасыз етпек.

Журналистерге инфрақұрылымды бейімдеу бойынша өзекті деректер де ұсынылды. Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімделген 4 752 нысан бар, бұл жоспарланған көрсеткіштің 48%-ы. Қалалық ортаны құжаттау бағдарламасы да қатар қолға алынды. Оған барлығы 33,5 мыңнан астам нысан қамтылған. Биыл 9,5 мың көпқабатты үй мен 1,5 мың әлеуметтік нысанға инвентаризация жүргізіліп, деректер «Цифрлық инклюзия» панеліне енді. Келер жылы бұрын құжаттанған  7,5 мың нысан бақылаудан өтеді. 

Қызығушылық тудырған тағы бір жобаның бірі – 2024 жылдан бері жұмыс істейтін «Әлеуметтік интеграция орталығы». Бұл орталық 10 жастағылар мен одан үлкен жастағы мүгедектігі бар адамдарға арналған. Орталық психологиялық көмек, тренинг пен қабілетті дамыту сияқты қолдау ұсынады.

«Біз анимация мен фотографиядан бастап, осы заманғы би, театр өнері, журналистика мен домбыраға дейін әр адам өзіне ұнайтын іспен айналыса алатын кеңістік құрдық» –– дейді Богдан Джепка. Орталықта компьютерлік сауаттылық, қолөнер, спорттық ойындар, вокал сабағы өтеді,  жаттықтырушыларды да осы саланың кәсіби мамандарынан таңдап алған.   

Транспорттан бастап цифрлық ортаға, реабилитациядан бастап әлеуметтік бейімдеуге дейін инклюзияның барлық бағыттары Алматыда жүйелі түрде күшейтіліп жатқанын атап өтті. Сұлтанғазиевтің айтуынша, барлық бастаманы әкімдік бақылауға алып, оны әлі де кеңейте түспек ниетте.

Бөлісу: